Ақпаның 9-ы Мұқағали Мақатаевтың дүние есігін ашқан күні. Көзі тірі болса ақын сексеннің сеңгіріне шығар еді. Әттең, хан тәңірінің мұзбалағы атанған ақиық ақын қысқа ғана ғұмыр кешті. Небәрі 45 жасында дүниеден озды. Дегенмен де, «Жақсының аты өлмейді, ақынның хаты өлмейді» – демекші, Мұқаңның жазып кеткен өлеңдері бүгінде ел аузында жатқа айтылып жүр. Көзі тірісінде жарияланбаған шығармалары да жинақ ретінде жарық көруде. Сондай шаралардың бірі Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында өтті. Онда Мұқағали Мақатаев жайлы «Білгің келсе, алдымен зертте мені», «Мен, сірә, өлмейтін шығармын», «Есіңе мені алғайсың», атты кітаптардың тұсаукесері болды.
Алматы облысының орталығында өткен шара Мұқағали Мақатаевтің 80 жылдық торқалы тойының басы іспетті болды. Өйткені негізгі мерейтой жаз мезгілінде өтеді. Мерекелік кешке келген қонақтар Алматы облысының тойға тыңғылықты дайындалып жатқандығының куәсі екендігін айтты. «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай, Қарасаз ауылына баратын тас жолдың тақтайдай тегіс етіліп жасалғандығы, Мұқағали музейінің күрделі жөндеуден өткендігі, ақын мұрасын насихаттаудың материалдық қыры, ал кітаптардың жарыққа шығуы рухани жағы,-деді.
Кітап Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтың қолдауымен басылды. Оны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Бейбіт Дәлденбай, «Жас алаш» газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай, «Жетісу» газетінің бас редакторы Жақыпжан Нұрғожаев, «Мұқағали» журналының бас редакторы Батық Мәжитұлы құрастырған.
Оқырман қауымға жол тартқан кітаптар негізінен «Мұқағали» журналында басылған деректерден іріктеліп алынған. Үш кітаптың да өз ерекшеліктері бар. Мұқағалидің шығармашылығын шарлап, ақынның жан дүниесін түсінуге талпынған және осы бағытта қалам тартқандар өте көп. «Білгің келсе алдымен зертте мені» кітабына ақын мұрасын зерттеген ғалымдардың ғылыми-публисцистикалық мақалалары енгізілген. Ал «Есіңе мені алғайсың» кітабында Мұқағали Мақатаевпен аралас-құралас болған адамдардың естеліктері жарияланып отыр. «Мен, сірә, өлмейтін шығармын» жинағына ақынның әнге айналған өлеңдері, және оларға музыка жазған қазақтың белгілі композиторларының еңбектері енгізілді.
Мерекелік кеш Бикен Римова атындағы облыстық драма театр әртістерінің «Бүгін менің туған күнім» атты қойылымына ұласты. Ақын өлеңдері нақышына келтіріле орындалып, көріністер қойылды. Шара Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасымен аяқталды.