«Балқаш ауданы» дегенді естігенде көлдің дәл жағасындағы аудан деп ойлаушы едім. Туристер мен суға келіп шомылушылар да көп шығар дейтінмін. Бір сөзбен айтқанда көз алдыма Қапшағай қаласы елестейтін. Осы жолғы іс сапарда Балқаш ауданын көру мүмкіндігі туды. Сөйтіп, Талдықорғаннан Алматыға қарай бет алдық. Аудан оңтүстік астанаға жақындағанда жолдың оң жақ бетінде екен. Біраз жүргенде табиғаттың өзіндік ерекшелігі көріне бастайды. Байқап қарасам құмды жер екен. Бірен-саран жыңғыл ағашы көрінеді. (нақты білмеймін қандай ағаш екенін) Оның қап-қара болып өскен сабағы шаруа адамының тарымстай болған білегіндей болып көрінді. Бұл да құмды жердегі тіршіліктің қаншалықты қиын екенін аңғартса керек. Көлігіміз жылдам жүргендіктен сексеуіл ағаштары қасымыздан зуылдап өтіп жатқандай әсер қалдырды. Жол жағасында қаулай өссе де, арғы жағында өте сирек кездеседі. Осыған қарап отырып ойланып кетіппін. Аудан орталығы Бақанасқа кіре берістегі үлкен аркадан өте шыққан кезде ғана келгенімізді байқадым. Сөйтіп, «Нұр-Мұқасан» тобы әнге қосқан Бақанасқа да жеттік. Ауданның логотипінде жолбарыс бейнеленген. Өйткені бұл өңірде бір кездері аң патшасы мекендеген екен. Оның ең соңғысы 1960 жылы өлтіріліріпті. Адамға шапқан көрінеді. Біраз аялдап, сыртқа шығып серігіп алғаннан кейін Желтораңғы ауылына қарай тарттық. Ол аудан орталығынан 100 шақырым жерде орналасқан екен. Оған барар жолда «Қонаев көпірі» атанған Іледен өтетін өткелден өттік. Көпір Димаш Ахметұлының бастамасымен салынған көрінеді. Сондықтан оның оң жағындағы темір тақтайшаға мемлекет қайраткерінің портреті салынған. Жол жүріп бара жатқандарға ерекше бір мейіріммен қарап тұрғандай. Суреттің асты жағында «Бірлігің бекем болсын халқым деген» ұлағатты сөздер жазылған. Іленің бетін мұз жапқан. Сондықтан болар өзен кішкентай болып қалған сияқты. Тек, жағажайға жақын жерде ғана су ағып жатыр. Жалғасы бар.
Дара тұлға дүниеге келген өлке
This entry was posted in Uncategorized. Bookmark the permalink.